Адамға алғыс айтқанымыз – Аллаға шүкір еткеніміз...

01 наурыз 2021 11825 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауаттар болсын!

Елімізде шуақты көктемнің алғашқы күні алғыс айту мерекесімен басталады. Баршаңызды бірлік пен мейірімге үндейтін мерекеміз – алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға құт-береке, бақыт пен табыс тілеймін.

Адамгершілік пен имандылықты өмірінің қазығы еткен халқымыз қиын-қыстау сынақ жылдарында қамыққан жанға қамқор болды. Тағдыр тауқыметін тартып, зобалаң замандарда қазақ жеріне пана іздеп келген түрлі ұлт пен дін өкілдерін бауырына басып, барымен бөліскен ата-бабаларымыздың бұл жақсылығы ұрпақ үшін мәңгі өнеге. Ендеше, жақсылықты жадымыздан шығармау – адамдық іс.  

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінездерінің бірі жақсылық жасаған адамға құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп, алғыс айту еді. Осыған байланысты Ислам тарихында мынадай ғибратты оқиға болған. Меккеде Алла елшісіне қатты қысым жасалған кезде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір топ мұсылманға дінді сақтап қалу үшін Эфиопияға көшуді бұйырады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, сол кездегі Эфиопия патшасы Нәжжаши әділетсіздікке жол бермейтін басшы еді.

Сонымен сахабалар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанашырлығымен Эфиопияға қоныс аударады. Бұл оқиға Аллаға серік қосушы меккеліктердің ызасын тудырады. Нәжжашиден мұсылмандарды кері қайтаруды сұрайды. Алайда әділ патша Эфиопия жеріне пана іздеп келген мұсылмандарға қиянат жасалғанына көз жеткізіп, оларды қайтарудан бас тартады.

Осы оқиғадан кейін арадан біраз уақыт өтеді. Жағдай тұрақталған кезде Эфиопиядан бір топ делегация келеді. Алла елшісі орнынан тұрып, құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп, олардың ас-суын әзірлей бастайды. Жанындағы сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Біз бармыз ғой» деп ишара білдіріп, дастарханның қамына кіріседі. Сонда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар менің сахабаларымды құрметтеген, жақсылық жасаған. Мен де оларға құрмет көрсетуді, жақсылық жасауды жақсы көремін», – деген. Біз бұл оқиғадан жақсылыққа жақсылықпен жауап беру – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі амалдарының бірі екенін анық аңғарамыз. Өйткені хадистердің бірінде: «Кім адамдарға (жақсылықтарына) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені», – делінген. Демек, адамға алғыс айтқаның – Аллаға шүкір еткенің...

Біз әуелі адамды жоқтан бар еткен Аллаға шексіз шүкір айтамыз. Алла Тағала Құранда: «...егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін...», – дейді («Ибраһим» сүресі, 7-аят). Алланың әр жақсылығы мен нығметіне шүкір етуіміз екі дүниеде бақыт пен берекеге кенелуімізге себепші болмақ.    

Ұланғайыр жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған бабаларымызға алғыс айтамыз. Оларға жасаған алғысымыз бен жақсылығымыз мынадай амалдарда көрініс табады: рухына Құран бағыштау, аманатына қиянат жасамау, өсиетін орындау, жақсы ұрпақ тәрбиелеу, ата-анамыздың атына кір келтірмеу, т.б.

Мейірімін төгіп, сәби кезімізден мәпелеп өсірген ата-анамызға алғыс айтамыз. Алла Тағала Құранда Өзіне бойсұнуды, содан кейін ата-анаға жақсылық жасауды әмір етіп: «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған әлсіреген үстіне әлсіреп, (тоғыз ай бойы) жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ», –деп ескерткен («Лұқман» сүресі, 14-аят).

Торқалы той мен топырақты өлімде қамқор болған ағайын-туысқа, дос-жаранға, көрші-қолаңға алғыс айтамыз. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын», – деген.   

Мен осы ретте сындарлы сәтте халыққа қамқор болған ел қамындағы азаматтарға, дәрігерлерге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамаларына, қайырымдылық акцияларына қолдау көрсеткен жомарт жандарға айрықша алғысымды білдіремін. Сондай-ақ діни рәсімдерге шектеу қойылған сәтте бір үйдің баласындай бірлігін танытқан жамағатқа риясыз ризалық ниетімді жеткіземін. Баршаңызға мың алғыс!

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кім сендерге жақсылық жасаса, оған сыйлық беріңдер. Егер берер сыйлық таппасаңдар, ол үшін дұға жасаңдар», – делінген. Осы ретте барша мұсылман қауымын еліміз бен жеріміздің, халқымыз бен айналадағы адамдардың игілігі үшін дұға жасауға шақырамын. Адамдар арасындағы мейірбандық пен достық, татулық пен құрмет сынды құндылықтарды арттыра түсетін айтулы күнде айналамызға алғыс айтып, тілеулестігімізді білдіре жүрейік, ағайын!

Алла Тағала еліміз бен жерімізді түрлі сынақтан сақтап, халқымызды аман еткей. Деніміз қуатты, әр күніміз шуақты болғай! Әмин!   

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру