«Әл-Ғани» мешітінде табақ тарту дәстүрі таныстырылды

15 мамыр 2026 49 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әл-Ғани» мешітінде қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауға арналған тағылымды іс-шара өтті. Жиын барысында ұлттық дастарқан әдебі мен табақ тарту дәстүрінің мәні түсіндірілді.

Іс-шараға ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы, Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов және елорда имамдары қатысты.

Кездесу барысында арнайы әзірленген қой еті жілік-жілікке бөлініп, қазақы жолмен табақ тартудың жөн-жосығы көрсетілді. Әр мүшенің өз орны мен ұсынылатын адамы болатыны айтылып, бас табақ, сый табақ және өзге де табақ түрлерінің ерекшелігі түсіндірілді.

Табақ тарту дәстүрінің мән-мағынасына «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Қондыбай Әкбаров тоқталып, қазақ халқының дастарқан мәдениеті мен қонақ күту әдебі жайында насихат айтты.

Іс-шара барысында ұлттық дәстүрді дәріптеу, жастарға ата салтын үйрету және дін мен дәстүр сабақтастығын сақтау жайы сөз болды. Жиын соңында қатысушылар дастарқаннан дәм ауыз тиіп, ұлттық құндылықтарға арналған мазмұнды кездесуден әсер алды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру