АРЫС ҚАЛАСЫНДА МЕШІТ ПЕН ҚАРИЛАР ОРТАЛЫҒЫ ҚАТАР АШЫЛДЫ (ФОТО)

17 қараша 2023 2336 0
Оқу режимі

Бүгін Түркістан облысының Арыс қаласында «Хазіреті Әбу Бәкір әс-Сыддық» мешіті мен Әз Тәуке хан атындағы қарилар орталығы қатар ашылды. Жамағаттың қуанышын бөлісуге ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, аудан әкімі Гүлжан Мамытқызы, жергілікті тұрғындар мен қонақтар қатысты.

Салтанатты рәсім қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, алғашқы сөз Діни басқарма төрағасына берілді. Бас мүфти дініміздегі мешіт пен медресе, қарилар орталығының маңызы жайлы насихат айтты.

«Жақында ғана еліміздің ұлттық мерекесі Республика күніне орай Астанада мүфтияттың ұйытқы болуымен Бірінші Халықаралық Құран жарысын өткіздік. Әлемнің 28 елінен 30 қари қатысты. Екі күн бойы Республикалық Бас мешітте қариларымыз елімізді нұрға бөлеп Құран оқыды. Әрине мұндай деңгейдегі жарыстар әрбір Құран жаттаған балаға жігер сыйлайтыны анық. Бүгінгі ашылып жатқан мешітіміз, қарилар орталығынан шыққан шәкірттер де әлемдік деңгейге шықсын деп тілеймін.

«Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді Құранда. Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген адамның ниеті Алланың разылығы үшін болуы керек. Бүгін Арыс қаласының қақ ортасында 6 бірдей ғимараттың ашылуына куә болудамыз. Әрине біліммен қатар спорт та керек, орталық болған соң оның адал асханасы, жатын орны түгел қамтылуы тиіс. Осы орайда әрбір нүктесіне дейін ыждағаттылықпен жұмыс істеген баршаңызға Алланың разылығы болсын! Жамағат пен шәкірттеріміздің игілігі жолында қызмет етсін» деді Бас мүфти.

Ашылу рәсімінде сондай-ақ аудан әкімі де сөз алып жаңа құлшылық үйінің құндылығына тоқталды. 

Іс-шара барысында мешітке атсалысқан азаматтарға Бас мүфти атынан алғыс хат берілді. Кейін құлшылық орнында алғашқы жұма намазы оқылып, меймандар мешіт және құран жаттау орталығымен толық танысты. Айта кетейік, мешіт жанында асхана, ерлер мен қыздар құран жаттау орталығы, спорт зал қамтылған.

​Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі 

Пікірлер Кіру