АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ «С. ҒЫЛМАНИ» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ӨТКІЗДІ

14 тамыз 2026 94 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде жамағатқа «Әділдік – ауқымы кең, мағынасы терең ұғым» тақырыбында жұма уағызын айтты.

Уағыз барысында бас имам әділдіктің исламдағы орнына тоқталып, оның тек қоғамдық немесе құқықтық мәселелермен шектелмей, адамның күнделікті өмірінен, отбасындағы қарым-қатынасынан бастап қоғам алдындағы жауапкершілігіне дейінгі барлық саланы қамтитынын атап өтті. Сондай-ақ Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері негізінде әділдік пен аманатқа адал болудың маңызы түсіндірілді.

Нұрбек қажы Әуесханұлы әділдікті ең алдымен отбасыдан бастау қажеттігін айтып, ата-ана мен бала, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара құқық пен міндетке тоқталды. Әсіресе балаларының арасында әділдік жасау, отбасы мүшелерінің бір-бірінің ақысын сақтау, жауапкершілік пен сыйластықты нығайту шаңырақ берекесінің негізі екеніне назар аударды.

Сонымен қатар қоғамдағы тұрақтылық пен адамдар арасындағы өзара сенімнің қалыптасуында әділдіктің алар орны ерекше екені айтылды. Әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, өзгенің ақысына қол сұқпай, аманатқа қиянат жасамауы керектігі сөз болды.

«Әділдік – тек қоғамнан талап етілетін қағида емес. Ол әр адамның өз сөзі мен ісіне адал болуынан, өзгенің ақысын құрметтеуінен басталады. Әділдік орнаған жерде сенім бекиді, ал сенім бар жерде татулық пен береке орнығады», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Жұма уағызының соңында бас имам жамағатты әрбір ісінде әділдік пен адалдықты берік ұстануға үндеп, Алла Тағаладан баршаға екі дүниенің жақсылығын тіледі.

Жиын соңында Нұрбек қажы Әуесханұлы жамағатпен бірге жұма намазын өткізіп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру