Астанада оныншы мешіт есігін айқара ашты

29 желтоқсан 2018 5959 0
Оқу режимі

Кеше Астана қаласында "Ақ мешіт" мешітінің ашылу салтанаты өтті. Игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз қатысты.

Салтанатты рəсім қасиетті Құран аятымен ашылды. ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғашқы сөзді Бас мүфтиге ұсынды.

"Мешіт – сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің, бірлік пен мейірімділіктің, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Мешіт – Алланың үйі. Адамзат баласының рухани тұрғыдан дамуы мен пенденің тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялатуда мешіттің орны қашан да маңызды. Қазақ топырағында бой көтерген мешіттердің тәлім мен тағылымның, білім мен ғылымның рухани ордасына айналғаны осының айғағы. Бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, қоғамдық келісім мен бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін. Жаңа мешіт, сонымен қатар салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, діни һәм ғылыми жаңалықтардың әрі қайырымдылықтың орталығы болады. Расында, өмірдің тіршіліксіз, ал тіршіліктің құлшылықсыз құны жоқ. Ислам діні тіршілік пен құлшылықты қатар үйлестіріп, өнегелі өмір салтын сабақтастырып, ғұмыр кешуге үндейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде: «Алла Тағала мешітті жақсы көрген пендені жақсы көреді», – деген. Тағы бір хадисте айтылғандай, «мешіт салған адам үшін Алла Тағала жәннатта сарай тұрғызады». Мешіт салу – сауабы үзілмейтін сауапты іс! Осы ретте мешітті салған азаматтарға айрықша алғысымды білдіремін", - деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Осыдан кейін Бас мүфти жұма уағызын айтып, жұма намазын жүргізді.

Айта кетейік, "Ақ мешітте" бір мезетте 1200 адам құлшылығын өтей алады. Мешіт жанында медресе салынған.

Бас мүфти бұйрығымен белгілі дін қызметкері Дәурен Мүслімов "Ақ мешіттің" Бас имамы қызметіне тағайындалды.

Дереккөз: muftyat.kz

Пікірлер Кіру