Атырауда Құран жаттау және Діни сауат ашу орталығы ашылды (ФОТО)
Бүгін Атырау қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатты рәсімінде Наурызбай қажы Тағанұлы: «Алланың қалауымен тәуелсіздігіміздің арқасында елімізде зәулім мешіттер мен медреселер салынуда. Осы орталықтан еліміздің рухани өркендеуіне сүбелі үлес қосатын тұлғалар шығады деп сенемін. Құранды жаттаған, оған амал еткен ұрпақ Отанына опасыздық жасамайды. Біз – қариын қадірлеген, оған құрмет көрсеткен халықпыз. Алла Тағала осы орталықтан Құранды толық жаттаған қарилардың шығуын нәсіп етсін. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, адамдардың ең жақсысы – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендер. Қарилар ең әуелі Алланың құрметіне бөленеді. Оның панасында болады. Хадистердің бірінде: «Ақиқатында Құранды жатқа білетін мұсылмандар Алла Тағаланың панасынан басқа пана болмайтын күні пайғамбарлар мен таңдаулы пенделермен бірге Оның панасында болады» делінген. Бұл – үлкен нығмет әрі жетістік.
Алла осы ғимараттың ашылуына үлес қосқан азаматтардың игі ісіне мол сауаптан жазғай» деді.
Игі іс-шарада Бас мүфти ғимараттың салынуына үлес қосқан Ерлан Талғатұлына ризашылық білдіріп, алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар орталық ұжымына өзінің сыйлығын табыстады.
Айта кетсек, «Иманғали» мешітіне қарасты Құран жаттау және діни сауат ашу орталығында бір мезетте 30 адам тәлім алады. Ғимаратта асхана, жатақхана, ұстаздар бөлмесі, қонақ бөлмесі және дәрісхана бар.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі