«АЙБИКЕ» КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫН ЗИЯРАТ ЕТТІ (ФОТО)
«Әзірет Сұлтан» мешітінің «Инабат» және «al-Fattah» мешітінің «Айбике» қыз-келіншектер клубтарының ұйымдастыруымен Астана қаласына қарасты көпсалалы медициналық онкологиялық диспансер, политерапия орталығына зиярат жасалды.
Игі шараға имам, ұстаздар мен жамағат атсалысты. Ауызбіршілігі жарасқан екі мешіт шәкірттері игі бастама аясында орталықтағы қауіпті ісікпен ауыратын, ең ауыр жағдайда (4-кезең) жатқан 40 науқастың көңілін сұрай барды. Және ең қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілді. Әр науқасқа жекелей сый-сияпаттар табысталып, көңілдерін көтеру мақсатында ән-шашу ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, дәрігерлердің өтініші бойынша осы орталықта ауыр дертпен жан тапсырған марқұмдардың рухтарына арнайы Құран Хатым дұғасы бағышталды.
Айта кетсек, бұдан былай аталмыш орталықпен «al-Fattah» мешітінің имамдары бірлескен түрде қызмет (дем салу, Құран бағыштау, рухани демеу беру т.б.) атқаратын болады.
Бірлесіп атқарылған жұмыс нәтижесінде жалпы сомасы 1 000 000 теңгені құрайтын қаражат жұмсалды.