«АЙБИКЕ» ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР КЛУБЫ «БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР» АТТЫ РУХАНИ ШАРА ӨТКІЗДІ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» бағытына сәйкес, Астанадағы «Al-Fattah» мешіті «Батаменен ел көгерер» атты іс-шара ұйымдастырды.
«Al-Fattah» мешітіның бас имамы Бағдат Абдукаримовтың қолдауы мен «Айбике» қыз-келіншектер клубының жетекшісі Зарина Шамидуллақызының мұрындық болуы негізінде Астанадағы «Балақарағай» демалыс орнында өткен игі шараға ақ жаулықты әжелеріміз бен мешіттің басқа да жасы үлкен әйел жамағаттары қатысты.
Баса айта кететіні, бұл шараға 98 жастағы қари әже арнайы қонаққа шақырылған болатын. Шарада көпті көрген көнекөз кейуана өзінің өмір жолынан мысал оқиғаларын айта отырып, қазіргі жастарға ыстық ықыласын білдіріп, өзінің бағалы кеңестері мен ақ батасын берді.
Кеш соңында Құран хатымы оқылып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға-тілектер жасалды.