«Әзірет Сұлтан» мешітінде Мәуліт оқылды (ФОТО+ВИДЕО)

22 қараша 2019 7285 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Мәуліт мерекесі аталып өтті. Күндердің сұлтаны болған жұмадағы Мәуліт мерекесі жамағатты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті жемісі – құрмамен қарсы алып, сауапқа толы қалта қағаздарын сыйлаумен басталды. Сауапқа толы дейтін себебіміз – жамағатқа жаппай үлестірілген бұл қалта қағаздарында ардақты Алла Елшісіне деген салауат мәтіні жазылған.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Расында, Алла және періштелер Пайғамбарға салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», – деп бұйырады. Ал, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі: «Қияметте маған ең жақын адам – маған көп салауат айтқан адам», – деген екен.

Жұмаға жиылған жамағатқа Бірінші наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ардақты Пайғамбарымыз туылған мәуліт айының қадір-қасиетін айтып өтіп, мәуліт жырының маңызына тоқталды. Бұдан соң Бас мешіт қызметкерлері, қос қари Жұманазар Садырханов пен Ерлан Базарбайұлымен бірге Мәуліт жырын оқып, сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауаттар жолданды.

Алып мешіттің ішін мүміндердің риясыз айтқан салауаттары мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі толтырып, Мәуліт мерекесінің шуағы жайыла түсті. Жамағатпен бірге жасалған дұға да еліміз бен жеріміздің амандығын сұрап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты нәсіп болуын тілеумен аяқталды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру