«Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Әз-Наурызда бүлдіршіннің тұсауы кесілді (ФОТО)

22 наурыз 2019 1162 0
Оқу режимі

Ұлыстың ұлы күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ұлттық нақышта ажарланып, қасиетті жұма намазына жиналған жамағатқа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мешіт ауласында тігілген аппақ қардай қос қазақ үйі анадайдан бой көрсетіп, бүгін мереке екенін айтпай-ақ сездіріп тұрғандай. Қаз-қатар жайылған «Қайырымдылық жәрмеңкесінің» сөрелері де мешіт ауласындағы мерекеге өз үлестерін қосып, жамағатқа қуаныш сыйлады.

Жұма күніне дөп түскен ұлттық мерекемізде республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде тағы бір игі шара жалғасын тауып, Ұлыстың ұлы күні ұлттық құндылықтарымыз жаңғырды. Жастары жер ортасынан асса да «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Діни сауат курсына жазылып, шәкірт атанып жүрген ақжаулықты апаларымыздың  бірі бұл күні немересінің тұсауын кестіріп, көпшіліктің батасын алды.

Ұлық мерекенің құрметіне орай құлшылық ордасының ауласында арнайы тігілген қос қазақ үйдің бұл күні қонағы үзілместен, мерекелік салтанат кешке дейін жалғасты. Ақ пейілмен жайылған ақ дастархан басында еліміздің бірлік-берекесін сұрап, тыныштығы мен тұтастығы тілеген дұға жасалды. Мешіт ауласындағы «Қайырымдылық жәрмеңкесі» мен ұлттық ойындар сайысы да мереке маңызын арттыра түсті.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру