«Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағаты Мәуліт мерекесін тойлады (ФОТО)

19 қараша 2018 2413 0
Оқу режимі

Кеше Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатына арналған «Қош келдің, Мәуліт айы!» атты мерекелік шара болып өтті. Республикалық Бас мешіттегі «Инабат» әйелдер клубының ұйымдастыруымен жүзеге асқан мерейлі мерекеге 300-ден астам нәзікжанды жамағат қатысып, құлшылық ордасынан рухани нәр алып қайтты.

Мешіт ұстазы Фархат Исаұлының қасиетті Құран аяттарын оқуымен басталған Мәуліт мерекесінің қонақтарын Бірінші наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы өзі қарсы алып, құттықтау лебізін білдірді. Бас мешіттегі қайырымдылық жәрмеңкесі, айт мерекелеріндегі түрлі шараларға белсене атсалысып, мейірімділік пен қамқорлықтың жарқын үлгісін паш етіп жүрген «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатының бүгінгі мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауаттар айтып, сүннеттері мен өсиеттері жаңғырған айтулы шараға ҚМДБ Әйелдер-қыздар секторының меңгерушісі Ақбөпе Қанатқызы мен Елорда мешіттерінің әйел ұстаздары арнайы шақырылып, Мәуліт мерекесінің қуанышымен бірге бөлісті.

Биылғы жылы алғаш рет қос тілде жүргізілген Мәуліт кеші жамағат көңілінен шығып, көптеген қыз-келіншектер тіл білмегендіктен бұрындары бұндай мерекелік шараларды өткізіп алуға мәжбүр болғандарын айтып, алғыстарын жеткізіп жатты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру