«Әзірет Сұлтан» қызметкерлері мен еріктілер тобы экоакцияға атсалысты (ФОТО)
Бүгін ел астанасы Нұр-Cұлтан қаласында #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы аясында Қоянды су қоймасы маңын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Аталмыш акцияға премьер министр Асқар Мамин, үлкен бастама көтерген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бастаған ел ағалары және 1 200-ден еріктілер қатысып, Қоянды су қоймасы 10 тоннадан астам қоқыстан тазартылды.
Аталмыш акцияға республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері мен «Рухани жастар» қанатының еріктілер тобы да қатысты. Нұр-Cұлтан қаласының бас имамы, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен құрылған «Рухани жастар» қанатының еріктілері бұған дейін бірнеше мәрте сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып, қаладағы құлшылық ордаларына тазалық жұмыстарын өткізіп келген болатын. Бүгінгі экологиялық акцияға да еріктілер тобы түгелдей жұмыла атсалысып, сауапты іске өз үлестерін қосып қайтты.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: muslim.kz