БАӘ елшісі «Әзірет Сұлтан» мешітіне тарту жасады (ФОТО)

31 мамыр 2018 6749 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі оқу дәрісханаларының құрал-жабдықтары жаңартылды. Біріккен Араб Әмірлігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мухаммад Ахмад әл-Жабер мырзаның бастамасымен қасиетті Рамазан айында «Әзірет Сұлтан» мешітінің оқу дәрісханаларына 60 орындық тарту етілді.

Еліміздің ең алып құлшылық орны ғана емес, білім мен ғылымның отын маздатқан бірегей оқу ордасына айналған «Әзірет Сұлтан» мешітіне тарту етілген бұл сыйлық – Бас мешіттегі білім сапасына берілген лайықты бағасындай болды. Дәл осы дәрісханаларда жыл сайын 500-ге жуық шәкірт діни сауат ашып, білім алып келеді. Ашылғанына алты жылға жуықтаған Бас мешіттен бұл күнде білім алып шыққан шәкірттер саны 2000-нан еркін асып жығылады.

Осы себепті де қасиетті Рамазан айындағы қайырымдылықты Бас мешітке арнағанды жөн санаған БАӘ елшісі Мухаммад Ахмад әл-Жабер арнайы мешітке келіп, жылы лебізін білдіріп қайтты. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы құрметті қонақты өзі қарсы алып, қабылдау өткізді. Құлшылық ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырып, іргелі жобалар жайында мәжіліс құрған кездесуден соң құрметті елші дәрісханаларға кіріп, жазғы сауат ашу курсы шәкірттеріне ізгі тілегін жолдады. Сондай-ақ, құлшылық ордасындағы наиб имамдар бөлмесі мен Muslim.kz cайтының редакциясы және Хикмет телерадиостудиясына бас сұғып, жұмыс жайымен танысып қайтты. сапар соңында «Әзірет Сұлтан» мешітінің төменгі қабатындағы мейрамханаға бас сұғып, күн сайын 800 жанға тегін беріліп келе жатқан ауызашар дастарханын да тамашалап өтті.

Пікірлер Кіру