БАС ИМАМНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨКІЛДІКТІҢ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІНГІ ЖОСПАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

30 шілде 2026 78 0
Оқу режимі

Астана қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлының қатысуымен өкілдіктің жыл соңына дейінгі жұмыс жоспары нақтыланды. Айтулы жиынға қала имамдары, дін қызметкерлері қатысты. Бас имам негізінен тамыз-желтоқсан айының аралығында белгіленген іс-шараларға тоқталып, ҚМДБ тарапынан бекітілген айтулы конференцияларды да атап өтті.

«ҚМДБ басымдық беріп, Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің «Бағдарлық баяндамасында» айтылған төрт бағыттағы жұмыс атап айтқанда, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр және отбасы, жат діни ағымдардан сақтандыру іс-шаралары әркез назарда болуы тиіс.

Тамыз айының соңы Мәуліт мерекесінің уақыты. Мәуліт мерекесін бұйырса жылдық жоспарда көрсетілгендей ұлттық нақышта тойлау жағын қарастыруымыз керек. Төл өнерімізді көрсетіп, ұлттық киім киіп, ардақты Пайғамбарымыздың өмірін біздің дәстүрлі ислам бағытында көрсетсек дейміз. Оған қазір дайындық басталды. 

Тағы бір маңызды іс-шарамыз бар. Ол – «Үздік имам» интеллектуалды сайысы. Одан кейін елордада «Фиқһ және заманауи медицина» тақырыбында дөңгелек үстел қыркүйек айында өтуі тиіс.

Қыркүйек айында сонымен қатар «Ұлағатты ұстаз келбеті» форумын ұйымдастыру міндеті тұр. Рухани кітап айлығы іс-шарасы да өте маңызды. Оқу-ағартуға жауапты имамдар әр мешітте тіпті жамағат арасында кітапханада кездесу ұйымдастырылуын қаперге алсаңыздар.

«Ислам және адал қоғам» жылы аясында мешіттер адалдықтың маңызын насихаттап, әділетті қоғам, адалдық өлшемі туралы хикметке толы кездесулер, уағыз-насихат, интелектуалды куиздер ұйымдастару керек» - деді Бас имам.

Сондай-ақ жиында мешіттердегі тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі де сөз болды.

«Мешітке қатысты айтылуы тиіс мәселенің бірі – қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау. Күзет қызметі, кезекші имамдар мешіттерде техникалық және өрт қауіпсіздік іс-шараларына басымдық берілуін бақылауда ұстау керек. Сондай-ақ құлшылық үйлерінің тазалығы да маңызды» - деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Жиын барысында негізгі іс-шаралардың күні белгіленіп, өкілдікке тиісті іс-шаралар қала мешіттеріне бөлініп берілді. Бас имам сөз соңында берілген тапсырманың жүйелі әрі сапалы өтуіне барша дін қызметкерлерінің ықылас танытуы маңызды екенін атап өтті.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру