Бас мешіт шәкірттері Абай мұрасы жөнінде білім жарыстырды (ФОТО+ВИДЕО)

29 ақпан 2020 5191 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде хакім Абайдың 175 жылдығына орай Нұр-Сұлтан өкілдігі «Рухани жастар» қанатының ұйымдастыруымен ұлт ұстазының мұрасын ұлықтаған айтулы байқау болып өтті. «Талпынған шығар айға алыс» атты тақырып аясында өткен байқауға Бас мешіт шәкірттері арасынан іріктеліп шыққан алты үміткер қатысып, жамағат алдында өз өнерлерін көрсетті.

Атап айтқанда, шәкірттер байқаудың I-кезеңінде Абай Құнанбайұлының жырларын жатқа оқудан сайысқа түссе, ІІ-кезең тапсырмасы бойынша данышпан бабамыздың қара сөздерінен айтылған үзіндіні жалғап әкетіп, сол қара сөздің арқалаған жүгін, айтар ойын ашықтады. Ал, «Салт-дәстүр сөйлейді» атты ІІІ-кезеңде үміткерлерге әртүрлі ұпай сандары көрсетілген ұяшықтар ұсынылып, ұлттық құндылықтарымыз жайлы білетіндері сарапқа салынды.

Абай мұрасының сан қырын қамтыған айтулы сайысқа белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Ерболат Жүсіпов пен Muslim.kz сайтының редакторы Айдос Имантайлар қазылық етіп, ақтық сайысқа суырылып шыққан алты үміткердің білімін жан-жақты таразылай түсті. Әр үміткерге қазылар тарапынан үш сұрақтан қойылып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін жамағат алдында жатқа оқуы мен мәнеріне де мән берілді.

Сайыс қорытындысы бойынша «Талпынған шығар айға алыс» байқауының бас жүлдесі Қазыбек Анарға бұйырып, 50 000 теңгені еншіледі. Ұпай саны бойынша сәл төмендеу түскен Қоңырбаева Аружан (ІІ-орын) мен Серік Есенбол (ІІІ-орын) жеңістің келесі сатысынан табылды. Сондай-ақ, байқауға қатысқан қалған үміткерлерге де арнайы сертификат табысталып, қошамет көрсетілді.

Қасиетті Құран аяттарымен ашылған Абай оқуларының мешіт шәкірттері арасында арнайы ұйымдастырылғанына жамағат та ризашылықтарын білдіріп, ұлт ұстазының құнды мұрасын насихаттау жұмысына тілектерін білдіріп, баталарын арнады. Тіпті, сайыс арасында жамағат арасынан Абай өлеңдерін жатқа оқитындар да табылып, жарыс көрігін қыздыра түсті.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру