Бас мешіт шәкірттеріне сертификат табысталды (ФОТО)

14 мамыр 2018 7957 0
Оқу режимі

 

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде оқу жылының аяқталуына орай «Діни сауат ашу курсының» шәкірттеріне сертификат табыстау рәсімі болып өтті. Шара шымылдығын ашқан ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жиылған жамағатты қасиетті жұма күнімен құттықтап өтіп, білім үйренудің маңыздылығына тоқталды. «Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім ізде» деген Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетіне сай асыл уақыттарын босқа жұмсамай, әрбір әрпі сауапқа тұнған қасиетті Құран жаттауға арнаған шәкірттер қауымына өз алғысын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «бұл мешіт құлшылық орны ғана емес, білім-ғылымның, мәдениеттің ордасы болуы тиіс» деген сөзіне бүгінгі таңда толығымен сай келіп тұрған «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі білім беру жүйесі жайлы таныстырып, жалпы мағлұмат беріп өткен Наурызбай қажы Тағанұлы ұстаздар қауымына да шынайы ризашылығын білдіріп, арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.

Сондай-ақ, биылғы жылы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен алғаш рет ұстаздар қауымы арасында үздік нәтиже көрсетіп, ең көп шәкірт тәрбиелеген мешіт қызметкеріне «Үздік ұстаз» атағын беріліп, ынталандыру мақсатында арнайы «Диплом» табыс етілді. Тұңғыш рет беріліп отырған «Үздік ұстаз» атағы наиб имам Ғазиз Ахметке бұйырды.

Биылғы жылы діни сауат ашу курсының оқу бағдарламасын тәмамдаған 361 шәкіртке бүгін арнайы мешіт сертификаты тапсырылды. Олардың 218-і ер шәкірттер болса, ақжаулықтылар 143 жан діни сауатын ашқан. Шәкірттер оқу жылы аясында «Құран әліппесін» тәмамдап, сондай-ақ, «Ғибадат» және «Ақида» сабақтары бойынша да білім алып шыққан.

Бұдан бөлек, мешіт басшылығының ұйымдастыруымен шәкірттер арасында түрлі білім жарыстары, спорттық ойындар мен ұжымдық серуендер ұйымдастырылып, ынтымақ пен бірлікке ұйысқан жамағат қалыптастыру жолында іргелі істер атқарылып келеді. Соның бірі ретінде мешіт шәкірттері арасында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан «Құран жарысын» ерекше айтсақ болады. Мешіт шәкірттерінен құралған «Сұлтан» командасының биылғы жылы «Салауатты жамағат» V қалалық спорттық ойындар жарысында жеңімпаз атанып, топ жарғаны да – бір үйдің баласына айналдырған бірлік пен ынтымақтың нәтижесі екені сөзсіз.

Пікірлер Кіру