Бас мешіт шәкірттеріне сертификат табысталды (ФОТО)

03 мамыр 2019 5874 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Діни сауат ашу курсының 2018-19 жылдарға арналған оқу бағдарламасы тәмамдалып, шәкірттерге Сертификат табыстау рәсімі болып өтті. Қасиетті жұма күніне тұспа-тұс келген салтанатты шараға ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы өзі қатысып, шәкірттерге ізгі тілегін білдірді. Бас мешіттегі шәкірттер санының жыл санап көбейіп келе жатқанын тілге тиек наиб мүфти осы орайда мешіт имамдары мен ұстаздарының еңбегі ересен екенін де атап өтті. Осыған орай сертификат табыстау рәсімінің алғашқы шарасы «Әзірет Сұлтан» мешітінің имамдары мен ұстаздарын «Алғыс хатпен» марапаттаудан басталды.

Айта кетейік, биылғы жылы «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Діни сауат ашу курсын 424 шәкірт тәмамдап отыр. Олардың 169-ы ер шәкірттер болса, 255-і әйел шәкірттер. Шәкірттердің мешіттегі діни сауат ашу курсына биылғы оқу жылында келіп қосылғандарына берілетін І дәрежелі оқу сертификатына 304 шәкірттер ие болса, жалғастыру тобындағы 120 шәкіртке ІІ дәрежелі сертификат табыс етілді.

Қыркүйек айынан бастап мамырдың соңына дейін жүргізілетін оқу бағдарламасы аясында олар Құран әліппесін меңгеріп, ақида, фиқһ, құлшылық салалары бойынша қосымша білім алып шықты. Бұдан бөлек оқу жылы бойы олардың білімдерін арттыра түсу мақсатында арнайы уағыздар ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, шәкірттер арасындағы бірлікті бекемдеп, бауырластықты күшейту мақсатында Нұр-Сұлтан өкілдігі бойынша бірнеше мәрте спорттық сайыстар, Құран жарыстары, білім олимпиадалары өткізілген болатын.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру