БАС МЕШІТТЕ АЛҒАШҚЫ ЖҰМА НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ (ФОТО)

12 тамыз 2022 3764 0
Оқу режимі

Бүгін елордасы Нұр-Сұлтан қаласында ашылған республикалық Бас мешітте алғашқы азан айтылып, жамағатпен жұма намазы оқылды.

Намаз кезінде сәулеті мен сәні келіскен жап-жаңа мешітке қуанып келген жамағаттың қарасы қалың болды. Баршасы Аллаға мақтау-мадақ айтып, зәулім мешіттің тартымды көрінісіне сүйсініп жатты.

Жұма намазынан бұрын Бас мешіттің ашылуына алыс-жақыннан арнайы келген құрметті дін қайраткерлері жамағатты құттықтап, мешіт салудың маңызы мен сауабы туралы тілге тиек етті. Атап айтсақ, Мысырдағы әйгілі әл-Азһар университетінің өкілі, доктор, шейх Мұхаммед Абдуррахман Ад-Дуини, Ресей мүфтилер Кеңесінің және Ресей мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мухетдинов, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нуриддин Холиқназаров пен Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Замир Ракиев, сондай-ақ Моңғолия мүфтиі Батырбек Хадыс пен ҚМДБ Төрағасының орынбасары Ершат Ағыбайұлы елорда тұрғындарын тарихи сәтпен құттықтап, ыстық ықыластарын білдірді.

Бұдан кейін азан шақырылып, құтпа оқылды. Осылайша Орталық Азиядағы ең үлкен мешітте жамағатпен алғашқы жұма намазы оқылып, ел игілігі мен әлем тыныштығы үшін дұға жасалды. 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру