БАС МЕШІТТЕ «КӨРЕГЕН ЕНЕ, ИБАЛЫ КЕЛІН» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

02 наурыз 2024 1379 0
Оқу режимі

ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Астана қаласы мешіттерінің әйел-қыздар жамағатынан құралған командалар арасында «Көреген ене, ибалы келін» мешітаралық байқауы өтті.

Байқау алдында Бас мешіт ұстаздарының ұйымдастыруымен «Дәстүрім – қазынам» қолөнер көрмесі тамашаланды. Көрмеде ұршық иіру, жүн түту, тоқыма тоқу секілді ұлттық қолөнер бұйымдары мен оларды тұтыну тәсілдері көрсетілді.

Мешітаралық байқаудың шымылдығын ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ашып беріп, дін мен дәстүрдің сабақтастығы, Исламмен гүлденген ұлттық мәдениетімізді насихаттаудың өзекті екендігін атап өтіп, командаларға сәттілік тіледі.

Елорданың 6 мешіті сайысқан байқау 4 кезеңнен тұрды: «Мен қазақтың келінімін, анасымын» деп аталатын 1-кезеңде командалар өздерін креативті таныстырудан бақ сынасса, «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атты 2-кезеңде ұлттық ғұрпымыздың бір бөлшегі – «қыз жасауы» дәстүрінен қойылымдар көрсетілді. «Өнермен өрге жүзерміз» деп аталатын 3-кезең командалардың өз өнерлерін көрсетуімен байқау көркін қыздыра түсті. 4-кезеңде («Ас – адамның арқауы») әйел баласының ас-тағам дайындау өнері сынға түсіп, ұлттық тағамдар әділқазылар талқысына түсті.

Байқау барысында көрермендер де назардан тыс қалмай, сұрақтар қойылып, аудитория жауаптарына сыйлықтар үлестірілді. Енесі және келіні сайысқа түскен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті иеленсе, 1-орынды Әзірет Сұлтан мешіті, 2-орынды «Ақмешіт» мешіті, 3-орынды «Ырыскелді қажы» мешіті жеңіп алды. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар, қалған командаларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру