Бас мешітте Қадір түні Құран хатым дұғасы жасалды (ФОТО+ВИДЕО)

31 мамыр 2019 9866 0
Оқу режимі

Бүгін – адамзат баласына ақ пен қараны айырушы ретінде түсірілген Құран кәрімде «мың айдан да қайырлы» деп мадақталған қасиетті Қадір түні. Сауабы сексен үш жылға тең келетін ұлық түнді исі мұсылман қауымы құлшылықпен әсемдеп, кешірім мен мейірімге толы мезеттен үлес алуға асығады. Өйткені, Бұл түні тағдырлар жазылып, шынайы кешірім тілеген мұсылманның күнәсі кешіріліп, сансыз сауаптар жазылатын болмақ.

Осындай игі тілек жүрегін кернеген мұсылман қауымы бүгін құлшылық ордаларын лық толтырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің өзінде бұл түні ине шаншар орын қалмады десек те болғандай. Алып мешіттің іші ғана емес, атшаптырым ауласы да сап түзеген жамағатқа толып, жалпы саны 50 000-нан астам жан қасиетті Қадір түнін қарсы алды. Бұл түні Бас мешітте жамағатқа барынша жайлылық жасалып, мешіт ауласына жайнамаздар төселіп, қосымша орындар әзірленген. Мешітте оқылып жатқан намаз бен таң рауандағанға дейін жалғасатын тағылымды уағыздар арнайы LED экрандар арқылы сырттағы жамағатқа көрсетіліп тұратын болмақ.

Қасиетті түнді қарсы алуға жиылған жамағатты ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазірет құттықтап, бүгінгі түннің берекелі болуын тіледі. «Мың айдан да қайырлы» Қадір түні жайында жамағатқа қысқаша уағыз айтып, сауапқа толы сәтті абзал амал-әрекеттермен әрлеуге үндеді.

Мыңдаған мұсылман жамағаты бір үйдің баласындай бірлікпен сап түзеп, тарауих намазын оқып болғасын Бас мешітте Құран хатым дұғасы жасалды. Елімізге белгілі Құран білгірлері бұл түні қасиетті Құранды хатым етіп, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хатым дұғасын жасады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру