Бас мүфти Амангелді Айталымен сұхбаттасты (ФОТО)

18 қаңтар 2019 6315 0
Оқу режимі

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғимаратында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталымен кездесті.

Кездесуге ҚМДБ-ның Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспан, Ақтөбе қаласының бас имамы Амантай Сәдиев, т.б. дін қызметкерлері қатысты.

Ақтөбеден арнайы келген мәртебелі мейман мүфтиге қоныс құтты болсын айтты.

«Жаңа ғимараттарыңыз құтты болсын. Бұл – кешенді жоба екен. Бәрі ескеріліпті. Спорт залы, кітапханасы, компьютер бөлмесі, намазханасына дейін бар. Мен мұндай ғажайып ғимаратты басқа елден көрген жоқпын. Дін дербес болмай, ел дербес болмайды ғой. Тәубе, дербес мүфтиятымыз бар. Осының бәрі дербес ел болғаннан кейін орындалып жатқан армандар. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», – деп ақжарма тілегін жеткізді Амангелді Айталы.

Өз кезегінде Серікбай қажы Сатыбалдыұлы:

«Мүфтият – мұсылман қауымының киелі қарашаңырағы. Бұл – ғылым мен білімнің, мәдениет пен ізгіліктің, игілік пен бірліктің ордасы, халыққа қажет діни пәтуалар шығаратын, дін мен дәстүрді насихаттайтын орталық. Елдігіміздің арқасында осындай үлкен нығметке бөленіп отырмыз. Алла Тағала бірлік-берекемізден айырмасын», – деп атап өтті.

Басқосу барысында Бас мүфти мүфтияттың 2019 жылы атқаратын ауқымды жұмыс жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, Ақтөбедегі діни ахуал туралы сұхбаттасты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру