Бас мүфти Ақсақалдар кеңесінің жиынына қатысты (ФОТО)

25 қазан 2020 3705 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Талдықорған қаласына сапары барысында «Ислам құндылықтарын сақтаудағы ақсақалдар мен аға буынның ықпалы» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Жиынға жетісулық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, әкімдік қызметкерлері мен ҚМДБ Талдықорған өңірі имамдары қатысты. Басқосуда асыл дініміздің өркендеуіне, әсіресе, жастардың қоғамда өз орнын тауып, түзу жолмен жүруіне ақсақалдар мен аға буынның ықпалы сөз болды.

«Біз, «Ислам құндылықтарын сақтауда ақсақалдар институтының рөлі» атты дөңгел үстелге қатысушылар барша отандастарымыз бен мұсылман қауымын бірлік пен игілікке үндей отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесі қабылдаған «Ас беру мәдениеті», «Зират пен зиярат мәдениеті», «Киелі орындарды зиярат ету ережесі» атты құжаттар мен қоғамдық маңызы бар діни терең пәтуларға бойсұнуға және оны жамағат арасында насихаттауға шақырамыз. Бірлігіміз бен елдігіміз, діни тұтастығымыз бен халық ынтымағы үшін татулықты ту етуге үндейміз.

Біз еліміздің барша жастарын үлкенге құрмет көрсетуге, ал аға буын өкілдерін кішіге ізет жасауға, қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын жаңғыртуға, үлгілі отбасы құндылығын насихаттауға шақырамыз.

Әлемдегі саяси ұстанымдар мен өмір сүру салты күн сайын құбылған алмағайып заманда ауызбіршілік танытып, дін мен дәстүрімізге нұқсан келтіретін әрекеттерге тосқауыл қоюға, адам өміріне қауіп төндіретін іс-қимылдарға жол бермеуге үндейміз» - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру