Бас мүфти «Әзірет Сұлтан» мешітінде жұма уағызын айтты (ВИДЕО)

11 ақпан 2022 3928 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Өмірдің құндылығы мен қадір-қасиеті» тақырыбында жұма уағызын айтты.

Бас мүфти жамағатқа өмірдің адам баласына берілген үлкен нығмет екенін, оны Алла Тағала белгілеген уақытқа дейін ғибратты, игілікке толы етіп сүрудің маңызын айта келіп, өз-өзіне қол жұмсау, зиян тигізу мен зұлымдық жасаудың қаншалықты ауыр азапқа ұшырататынын тілге тиек етті.

«Адам баласы өмірдің шынайы құндылығы мен мәнін түсінуі үшін мына жайттарды біліп, амал етуі маңызды саналады: Ең алдымен өмірдің бізге берілген аманат екендігін білу, одан кейін өзіне қол жұмсаудың жазасының ауыр екендігін ескеру керек, сондай-ақ тағдыр тауқыметіне сабыр етіп, үмітсіздікке салынбауға тиіспіз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Имам Тирмизи жеткізген хадисте: «Адамдардың жақсысы – өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі болғандары» деген. Ендеше өмір жасымыздың ұзақ болуын Алладан тілеп, жақсы амалдарды іске асыруға, жамандықтан бойымызды алыс ұстауға тырысайық», – деді ҚМДБ Төрағасы.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру