БАС МҮФТИ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕГІ АУЫЗАШАР ДАСТАРХАНЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

24 наурыз 2023 3048 0
Оқу режимі

Қасиетті Рамазан айы бойы еліміздегі бірқатар мешіттер жамағатқа тегін ауызашар дастарханын ұйымдастырып, сауапқа толы ұлық айдың берекесін арттыра түседі. Демеуші азаматтардың қолдауымен 30 күн бойы жайылған дастарханнан түрлі топтағы адамдар ауыз ашып, Рамазан бойы құлшылық ордаларында қайырымдылық шаралары пен сауапқа толы игі істер жалғасып жатады. 
Күн сайын мешіт мейрамханасында 500 жанға ауызашар дастарханын жаюды үрдіске айналдырған Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті биыл да жамағатқа қонақжай құшағын айқара ашып отыр. Елорда бас имамы  Ерболат Жүсіповтің айтуынша, жалпы қала бойынша биылғы жылы күн сайын 2500-3000 жанға тегін ауызашар берілетін болмақ. Сондай-ақ, қасиетті Қадір түнінде мешітке келуші жамағатқа сәресі тарату жұмысы да жоспарланған көрінеді.
«Әзірет Сұлтан» мешітіндегі алғашқы ауызашар дастарханына бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жамағатпен бірге ауыз ашты. Жиылған жамағатты Рамазан айының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірген Бас мүфти оразаның қадір-қасиеті жайлы уағыз айтты. 
Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тарауих намазы алдында да жамағатқа ізгі тілегін білдіріп, ұлық айдың қасиеті жайлы тұшымды насихат айтты. Намаз соңында жамағатпен бірге қол жайып, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін дұға жасады.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру