БАС МҮФТИ БАЛАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ (ФОТО)

01 маусым 2023 2393 0
Оқу режимі

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, сый жасады.

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен Астанадағы «Балам-ай» күндізгі күтім орталығында өткен игі шарада Бас мүфти ерекше қажеттілігі бар балалармен және олардың тәрбиешілерімен жүздесті. Орталық жұмысымен танысқан ҚМДБ Төрағасы:

«Біз «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында ауыр дертке шалдыққан балаларға қолдау көрсетіп келеміз. Балаларымыз – біздің болашағымыз. Осындай тағдыр тауқыметін ерте тартқан балдырғандарға қарасып отырған ата-анасы және сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Баршаңызға Алла разы болсын! Хақ Тағала балаларымыздың дертіне шипа беріп, құлан-таза айығып кетуін нәсіп еткей» деп батасын берді.

Игі шарада Бас мүфти бастамасымен орталықтың сұрауы бойынша 50 көрпе-төсек, сондай-ақ 15 бизиборд пен балалардың мерекесіне орай тәттілер үлестірілді. «Балам-ай» орталығы ұжымы да өз кезегінде Бас мүфтиге ризашылығын білдіріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорына алғыс хат табыс етті.

Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар 220 балаға оңалту және оларға әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысатын «Балам-ай» күндізгі күтім орталығының Астана қаласында 5 бөлімшесі бар. Ол «Зекет және қайырымдылық» қорымен тығыз байланыста жұмыс істейтін елордадағы ең ірі оңалту орталықтарының бірі саналады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру