БАС МҮФТИ БОЗДАҚТАРҒА ҚҰРАН БАҒЫШТАП, ДҰҒА ЖАСАДЫ
Бүгін, қасиетті жұмада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық Бас мешітте саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына қасиеттті Құран аяттарын бағыштап, арнайы дұға жасады.
Бас мешіттегі жұма намазынан кейін ҚМДБ Төрағасы: «Уа, әлемдердің Раббысы, Жаратушымыз Алла Тағала! Осы оқылған қасиетті Құранның сауабын әуелден ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның ғазиз рухына, Оның отбасы мен сахабаларына, асыл ата-бабаларымызға бағыштаймыз! Кешегі зұлмат заманда, нәубет күндерде жазықсыз кеткен, құрбан болған бабаларымыздың рухына бағыштаймыз! Уа, Алла! Оларды Өз рақымыңа алып, Пайғамбарымыздың шапағатында болуын жазғайсың! Құдай Тағала енді біздің ұлтымыздың, халқымыздың болашағын ондай нәубеттен сақтағайсың! Еліміздегі әрбір отбасыға береке-бірлігіңді дарытып, ризық-несібелерін молайта гөр! Еліміздің еңсесі биік, тұғырын жоғары етіп, халқымызды жаманшылық атаулыдан, табиғи апаттардан, түрлі індеттерден өзің сақтай гөр! Әмин!» деп дұға жасады.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі