Бас мүфти делегация басшыларына ҚМДБ ғимаратын таныстырды (ФОТО+ВИДЕО)

12 сәуір 2019 1215 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚМДБ жаңа ғимаратында IV Халықаралық діни-ғылыми конференция делегаттарының қатысуымен мерекелік шара болып өтті. Елорда төрінде көршілес мемлекет мүфтилері мен дін қайраткерлерінің басын қосқан «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманның сын-қатерлері» атты халықаралық конференция аясында бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратымен таныстыру рәсімі өтіп, шетелдік қонақтарға қазақы салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз паш етілді.

Қаз-қатар қазақ үй тігіліп, күмбірлеген күй, тағылымды терме үні тербеткен ҚМДБ ғимаратының ауласында бүгін қуаныштың қазаны бұрқылдап, ынтымақ-бірліктің туы желбіреді. Салтанатты шараның шымылдығын түрген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Халықаралық конференция маңызын, бүгінгі күннің айрықша қуанышын атап өтіп, барша қонақтарға ақ тілегін жеткізді. 

IV Халықаралық конференция жұмысына арнайы келген Ресей мұсылмандары діни басқармасы жəне Ресей мүфтилер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Рушан хазірет Аббясов, Өзбекстан мүфтиі Усмонхан Алимов, Моңғолия мүфтиі Батырбек Хадис, Қытай Ислам ассоциациясының төрағасы Хасан Янг Фаминг, т.б. Ислам әлемінің беделді тұлғалары құттықтау лебіздерін айтып, ҚМДБ жұмысына сәттілік тіледі.

Жамағат алдында жүрекжарды тілектерін жеткізген қонақтар лебізінен соң Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жақында ғана ашылған ғимарат ішін таныстырып, жалпы жұмыс барысынан хабардар етті. Арнайы таныстыру рәсімінен соң қонақтар ғимарат ауласындағы қазақ үйлерге бас сұғып, қазақ халқының қонақжайлығына куә болды.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру