БАС МҮФТИ «ДОСТЫҚ» МЕШІТІНІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

09 наурыз 2024 1564 0
Оқу режимі

Қасиетті жұма күні Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Достық ауылында жаңа мешіт ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Жомарт жандардың қолдауымен сегіз ай ішінде құрылысы аяқталған мешітке «Достық» атауы берілді және бұл – осы ауылда бой көтерген алғашқы имандылық ордасы. Игі шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы Достық ауылының тұрғындарын мерейлі сәтпен әрі келе жатқан Рамазан айымен құттықтап, жаңа мешітке береке тіледі.

«Мешіт – Алланың үйі, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені.  Мешіт бүгінде қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орынға айналды. Адамның туғанынан бастап өмірден өткенге дейінгі діни рәсімдер мешітте өткізіледі. Мәселен, балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сынды көптеген діни рәсімдер мешітте орындалады. Сондықтан Алла үйінің бой көтеруіне тілеулестік білдірген жамағатқа да Алла разы болсын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы мешіт салуға атсалысқан жандарға алғыс білдіріп, «Рамазан – мейірім айы» тақырыбында жұма уағызын айтты.

Айта кетейік, жаңа мешіт ғимараты екі қабаттан тұрады. Ерлер мен әйелдердің намаз залы, имам бөлмесі, дәретханасы заманауи үлгіде салынған. Бүгін 300 адамға арналған мешітте алғашқы жұма намазы оқылды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру