БАС МҮФТИ ЕЛОРДАДА ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

06 наурыз 2024 1497 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне арнайы барып, білім ордасының ректоры және оқытушы ғалымдармен кездесті.

Алдымен Бас мүфти жоғары оқу орнына 2001 жылы қойылған Күлтегін ескерткішінің көшірмесін тамашалап, «Жазу тарихы» музейіндегі жәдігерлермен танысты. Бұдан кейін университеттің профессор-ғалымдары, оқытушы ұстаздарымен бірге жиынға қатысты. Басқосуда ҚМДБ Төрағасы баяндама жасап, асыл дініміздің қазақ даласына келуі жөнінде мағлұмат берді.

«Өздеріңіз білесіздер, біздің қазақ халқы 1270 жылдан бері Ислам дінін ұстанып, өзінің рухани тірегіне айналдырып келеді. Қарахандықтар билігінің негізін қалаған Сатұқ Боғра хан 955 жылы Ислам дінін қабылдап, дінің таралуына жағдай жасаса, 960 жылы Мұса қағанның кезінде Ислам мемлекеттік дін болып жарияланды. Сол кезден бастап Мәуераннахр аймағы ғылым мен мәдениеттің орталығына айналды. Исламның келуі арқылы Орталық Азияда білім-ғылым қанат жайды. Мешіт-медреселер ашылып, білімнің таралуына жағдай жасалды. Медреселерде дін ғылымымен қатар филология, логика, математика, астрономия, медицина, философия секілді ғылым салалары оқытылды.

Орталық Азиядан Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Хусамуддин ас-Сығанақи секілді секілді ғалымдар шықты. Фараби, Бируни, Ибн Сина, Хорезми секілді ғұламалар шығып, өркениет тарихындағы өз орнын айшықтады. Олар Хақ дінге сүйене отырып, ғаламның тылсым құпиясын ашты. Олардың ашқан жаңалықтары мұсылман әлемін нұрландырып, сәулелендіре түсті» деді Бас мүфти.

Өз кезегінде білім ошағының ректоры Ерлан Бәтташұлы Еуразия университетінде Дінтану кафедрасы бар екенін айтып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ университет басшысы ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлын ел бірлігі мен руханиятына қосқан үлесі үшін оқу ордасының жоғары марапаты – «Күлтегін» медалімен марапаттады.
Бұдан бөлек университеттің оқытушылар құрамы Бас мүфтимен Ислам дінінің қазақ даласына қанат жаюы, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр жөнінде пікір алмасты. 

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру