Бас мүфти еріктілерді мерекемен құттықтады

05 желтоқсан 2020 4180 0
Оқу режимі

Сенім мәселесі – барша адамның асыл қазынасы. Абай атамыздың «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?» дейтіні бар. Адамның басқа жаратылыстардан айырмашылығы осында – көкірек көзі мен көңіл сенімінің болуында.

Адамдардың бір біріне деген сенімі күшейген сайын мына өмір де гүл жайнайды. Сенімді күшейтудің бір жолы – мейірімді болу, қамқорлық таныту. Биылғы пандемия кезінде бұл айқын көрінді. Қайырымды жомарт жандар мен мейірімді еріктілер мұқтаж отбасылардан көмегін аяған жоқ. Осындай шынайы жанашырлығымыз біздің береке-бірлігімізді арттыра түсті.

Мүфтияттың, мешіттеріміздің еріктілері көптеген қайырымдылық шаралардың бел ортасынан табылды. Елді жұқпалы ауру жайлағанына қарамастан, пандемия кезінде еріктілер жанын шүберекке түйе отырып, мұқтаж жандардың отбасыларына қажетті заттарды жеткізіп берді. Құрбан айт кезінде де еріктілердің еңбегін ел көрді.

Осындай сын сағатта сауапты істерге атсалысып, жақсылықтың жанынан табыла білген мешіт имамдарына, имамдардың игі ісіне қолғабыс еткен барша еріктілерге өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан алғыс айтамын. Жаратушы Ием олардың атқарған әр ісін, басқан әр ізін сауаптан жазғай. Алла Тағала осындай жанашырлығымыз бен береке-бірлігімізді арттыра түскей!

Құрметпен, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру