БАС МҮФТИ ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР КӨНЕ МЕШІТТІ ЗИЯРАТ ЕТТІ (ФОТО)

23 қыркүйек 2022 2798 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Абай облысы Бесқарағай ауданы Ақкөл елдімекенінде орналасқан Ақкөл мешітінде болып, жамағатпен бірге намаз оқыды.

Бірнеше жылдан қараусыз қалған тарихи мешітке жақында ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жамағатқа есігін ашқан болатын. Бас мүфти көне құлшылық орнының бүгінгі тынысымен танысып, қол ұшын созған азаматтарға алғысын білдірді. Мешітке келген жамағатқа белгілі дінтанушы Абдулла қажы Жолдас бата беріп, ақ жол тіледі.

Мешіт туралы айтар болсақ, Ақкөл мешіті – 1907 жылы салынған тарихи құнды жәдігер. Құлшылық үйін татар көпесі Сұлтан қажы Фазылбеков салдырған. Мешіттің ең басты ерекшелігі бірде бір шеге қағылмай тұрғызылған, ал іргетасы қызыл кірпіштен қаланған.

Ерекше сәулетті ғимарат 1918 жылға дейін мешіт қызметін атқарған. Дінге тыйым салынған кезеңде мәдениет үйі, одан мектеп, кітапханаға айналған. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көне мешіт тарихи-мәдени нысандар тізіміне кіріп, сақталып қалған. Алайда иесіз тұрған нысан іргесінің қарағайы сыр беріп, жөндеу жұмыстарын қажетсінген.

Бірнеше жыл бойы қараусыз қалған көне мешітке 2021 жылы ғана жергілікті халықтың бастамасымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде жаңа кейіпке енген мешіт халық игілігіне пайдалануға берілді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру