Бас мүфти «Ғылмани» мешітінің жамағатымен жүздесті (ФОТО)

25 сәуір 2022 3491 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наруызбай қажы Тағанұлы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітін зиярат жасап, жергілікті жамағатпен жүздесті.

Бас мүфти бесінге жиналған жамағатты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ұлық айдың қадір-қасиеті, соңғы онкүндіктің маңызы жайындағы ой-толғамдарымен бөлісіп, «Рамазан – мүмкіншілік айы» деген тақырыпта насихат айтты.

«Рамазан – керемет жетістікке жетіп, күнәдан кешірілетін, мүміндер үшін мүмкіншіліктерге толы ай. Қасиетті Құранда жәннатқа баратын мұсылмандардың тақуалық, сабырлық сияқты сипаттары баяндалған. Тақуалыққа жетудің жолдары көп. Соның бірі – Рамазан айының оразасын ұстау арқылы тақуалыққа жетуге болады. Сабырлыққа бой үйретудің де жолдары алуан түрлі. Қасиетті айда ораза ұстау, күні бойы тамақтан, нәпсі қалауынан бас тарту арқылы адам баласы сабырлықты үйрене алады. Міне, Рамазан – мұсылмандар үшін үлкен тәрбие мектебі», - деді Бас мүфти.

Сонымен бірге, ҚМДБ төрағасы жамағаттың береке-бірлігі, алда келе жатқан Қадыр түнінің маңызы жайлы да баяндап берді.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру