Бас мүфти Халықаралық ғылыми конференцияға қатысты (ФОТО)

24 сәуір 2019 5255 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Шымкент қаласында өткен «Ұлы даланың батырлары – ақ тулы сіргелі Жабай батыр» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, баяндама жасады.

«Алаштың ардақты ұлдарының бірі Әлихан Бөкейхан тұжырымды бір сөзінде: «Шыңғыс хан дүниені алды, артында түк белгі қалған жоқ. Ақсақ Темір дүниені алмаса да артында Самарқанд, мешіт, медреседей белгі қалды...» деген екен. Бұл сөздің астарынан адам баласы бұл өмірде ізгілікті ісімен артынан із қалдыруы тиіс деген ұғымды ұғамыз. Құдайға шүкір, киелі қазақ топырағында аты күллі әлемге мәшһүр тұлғалар мен дін ғұламалары дүниеге келді. Уақыт өткен сайын олардың тұлғасы мен артына қалдырған рухани мұрасының құны артып, өз дәрежесінде бағаланып келеді.

Арғы бабаларымызды ауызға алғанда әуелі Әбу Насыр әл-Фарабиді айтамыз, содан кейін Әзіреті Сұлтан атанған Қожа Ахмет Ясауи, бергі тарихымызда Төле би, Бекасыл әулие, Жабай ата, Құртқа тәуіптердің тұлғасы еске түседі. Осы ретте Жабай атаның өнегелі өмірі мен тұлғасын паш ету мақсатында тарихшылармен бірігіп, жаңа зерттеу жұмысын бастауды ұсынамын. Екіншіден, әулие, батыр Жабайдың ғибратты ғұмыры жайлы Алматыдағы «Нұр Мүбарак» университеті мен еліміздегі 9 медреседе тұлға жайлы тәлімдік дәрістер өткізу маңызды деп есептеймін. Үшіншіден, «кино – өнердің ішіндегі ең озығы» дегендей, Жабай батыр туралы көркем фильм түсірудің маңыз үлкен екенін атап өткім келеді. Бұл туынды жастардың санасына патриоттық сезімдерді сіңіріп, имандылыққа баулитын игі тележоба болар еді», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде өткен халықаралық жиынға алыс-жақыннан келген ғалымдар, еліміздің зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар мен көрнекті жазушылар, сонымен қатар Жабай батырдың ұрпақтары қатысты.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру