Бас мүфти халықаралық онлайн конференцияға қатысты (ФОТО)

30 маусым 2020 3436 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ресей мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «ТМД елдері мұсылмандары діни басқармаларының жаһандық COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі тәжірибесі» атты халықаралық онлайн конференцияға қатысты.

Халықаралық форумға ТМД аумағындағы діни басқармалар мен олардың ағартушылық бағыттағы ұйымдары және құзырлы ресми мекемелер өкілдері қатысты.

Онлайн конференция барысында ТМД елдері мұсылмандарының пандемия кезіндегі амал-әрекеті, ТМД діни басқармалары, олардың білім беру және ағарту ұйымдары, аталған елдердің мамандандырылған ресми мекемелерінің COVID-19 пандемиясына қарсы күрес бағытындағы ынтымақтастығы, пандемия салдарын еңсерудегі нәтижелер негізінде өзара тәжірибе алмасу, мұсылман қауымдастықтарының жаңа жағдайға бейімделуі, дәстүрлі исламды сақтау және экстремизм мен теріс ағымдардың алдын-алу бойынша атқарылған жұмыстар жайлы талқыланды.

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн конференцияда баяндама жасады. «Бүгінгі конференцияда ТМД Діни басқармаларының пандемия кезіндегі тәжирибесі талқыға салынып отыр. Өкінішке қарай, әлемде COVID-19 вирусын жұқтырған адам саны он миллионға жуықтады. Соның салдарынан діни бірлестіктер әлі күнге дейін қызметін өз деңгейінде атқара алмай келеді. Алайда азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында біздің Діни басқарма цифрлы технологиялардың мүмкіндігін белсенді түрде пайдаланып жатыр.

ДСҰ өкілдері діни жетекшілерден пандемия кезінде жәрдем беруін сұраған болатын. Осыған байланысты ҚМДБ онлайн дәрістер мен сұхбаттар жүргізуді қолға алды. Осы уақытқа дейін ұстаздарымыздың онлайн форматтағы отыздан астам дәрісі өтті. Сондай-ақ азаматтардың сұрақтарына жауап беру мақсатында Рамазан айында ақпараттық call-center орталығы құрылып, тәулік бойы қызмет етіп отыр. Одан бөлек пандемия кезінде қайырымшылық шаралары ұлғайды. Мешіттеріміз жабық болса да, сауап есіктері әрдайым ашық» дей келе Бас мүфти осы онлайн басқосудың өтуіне мұрындық болған Талгат Сафа Таджуддин бастаған дін азаматтарына алғыс білдірді.

Халықаралық конференция қорытындысында қатысушылар бірлескен қарар қабылдады.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру