БАС МҮФТИ МӘШҺҮР МЕДРЕСЕНІҢ 500 ЖЫЛДЫҒЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ (ФОТО)

27 қараша 2023 1884 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бұқара қаласында өткен «Мір-Араб» медресесінің 500 жылдығына арналған «Ежелгі Бұқараның Ислам өркениетіндегі орны» халықаралық конференциясында баяндама жасады.

ҚМДБ Төрағасы Бұқара қаласы түркі халықтары үшін қандай құрметті болса, осы қаладағы көне оқу орны «Мір-Араб» медресесі де сондай аяулы екенін айта келіп, медресе түлектерінің бес ғасыр бойы Исламды шартарапқа жайып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің қазақ Бұқара шаһарын «Бұқара шәріп» деп ардақтайды. ХІІ ғасырда «Бұқара шәріп» Орталық Азиядағы сопылықтың орталығына айналды. Себебі Бұқарада Абдул-Халик Гирджувани, Сайф ад-Дин Бахарзи, БаҺауддин Нақышбанд секілді сопылық мектебінің ірі ұстаздары болды. Абдул-Халик Гирджувани Ахмет Ясауимен бірге Жүсіп Хамаданиден тәлім алған болатын. Ал Сайф ад-Дин Бахарзиді Алтын Орда билеушісі Берке хан өзіне ұстаз тұтып, Ислам дінін қабылдады. ХІХ ғасырда Ташкент, Самарқан, Бұқара, Хиуа медреселерінде жүздеген қазақ балалары оқып, білім алды. Олар елге оралғаннан кейін халықтың қолдауымен мешіт-медреселер салдырып, шәкірт тәрбиеледі. Осылайша Ислам дінінің аясын кеңейтіп, халық арасына жайды» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти сонымен қатар Қалжан ахун Бөлекбайұлы, Досжан хазірет Қашақұлы, Науан хазірет Таласұлы, Нұрпейіс хазірет Байғараұлы, Қуанай хазірет Қосдәулетұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, Хасан хазірет Нұрмұхамедұлы, Құлболды ишан Сұлтанұлы, Айқожа ишан Темірұлы, Файзулла қари Сатыбалдыұлы, Ақмырза ишан Төсұлы секілді қазақтың дін қайраткерлері діни білімді осы «Бұқара шәріптен» алғанын айтып, олардың Бұқарамен рухани байланысын үзбей, бағзыдан келе жатқан діни сабақтастықты жалғауға тырысқанын жеткізді.

Сөзінің соңында ҚМДБ Төрағасы мұсылман қауымын «Мір-Араб» медресесінің 500 жылдығымен құттықтап, бес ғасырлық тарихы бар айтулы оқу орнының ұстаздары мен шәкірттеріне табыс тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру