Бас мүфти Мысырда әл-Фараби мұрасына арналған конференцияда баяндама жасады (ФОТО)

17 наурыз 2021 4912 0
Оқу режимі

Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир шаһарында «Екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің Ислам өркениетіне қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Игі басқосу қос елдің мемлекеттік әнұранымен ашылды.

Конференцияда баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Баршаңызға Әбу Насыр әл-Фарабидің туған өлкесі, бауырлас Қазақстан халқының дұғай сәлемін жолдаймын. Өткен жылы біздің елде Отырар ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшhүрі – Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз», «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби туралы зерттеу жұмыстары жүзеге асты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Осы ретте мен мына мәселеге айрықша тоқталғым келеді. Әл-Фарабидің көзқарасы бойынша, қарым-қатынас пен басқару ісіндегі ең басты мәселе – ақиқатқа жету, қайырымдылық пен игі амал жасау т.б. Бұл – ықыласты адамның ғана қолынан келетін іс. Себебі ғұлама бабамыз айтқандай, жүрегі кең, оқығаны мен тоқығаны тең адам даналық пен қайырымдылық үшін өмір сүреді. Алла Тағала баршамызға жақсы өмір сүруді нәсіп еткей. Әмин!» деді.

Конференция жұмысына қатысқан Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф құттықтау сөзін жеткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев бейнеқұттықтау жолдады.

Конференцияда белгілі ғалым, фарабитанушы, академик Әбсаттар қажы Дербісәлі және әл-Азһар университетінің оқытушылары ғұлама мұрасы жайлы баяндама жасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру