Бас мүфти қажыларды ұлы сапарға шығарып салды (ФОТО)

30 маусым 2022 3463 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бүгін Алматы әуежайында қажыларды қасиетті мекенге шығарып салды.

Қажыларды шығарып салуға арналған арнайы рәсім қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Бас мүфти ұлы сапарға аттанып бара жатқан қажыларға сәт-сапар тілеп, бес парыздың бірі қажылық құлшылығының мән-маңызына тоқталды.

«Пандемия салдарынан екі жыл бойы қажылық есігі жабық болған еді. Енді міне, Алланың қалауымен, Хақ Тағаланың шақыртуымен қасиетті Қағбатуллаға қажылыққа аттанып барасыздар. Алла сапарларыңызды мүбарак етсін! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз ешнәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай (күнәсіз) оралады» деген. Ендеше осы ұлы сапарда Алла Тағала барша отандастырымызға Өзінің жеңілдігін беріп, аман-есен құлшылығын өтеуді нәсіп етсін!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, бүгін Алматы әуежайынан 400-ге жуық адам парызын өтеуге аттанды. Ал елімізден 4000 адам қажылыққа баруға ниет етіп отыр. Оларға 14 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру