Бас мүфти Серік Қирабаевтың отбасына көңіл айтты

27 қазан 2021 3171 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы белгілі ғалым, әдебиеттанушы, сыншы, ҰҒА академигі Серік Қирабаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның барша туған-туысына, ізін жалғаған шәкірттеріне көңіл айтты.

«Серік ағамыз Спандияр Көбеев, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин секілді қазақтың іргелі қаламгерлерінің шығармашылығын індете зерттеп, қазақ ғылымына мол үлес қосты. Әдебиеттану ғылымының жандануы жолында тер төгіп, шәкірт баулып, бірнеше буынды тәрбиеледі.

Қазақ әдебиеті саласында бірнеше әдеби сын мақалаларын жазып, қаншама ақын-жазушының қарымды қаламгер болып қалыптасуы үшін зор еңбек сіңірді. Әдебиетшілер мен қаламгерлер қауымы Серік Қирабаевтың қазақ әдебиетіне сіңірген осынша мол еңбегін ұмытпайды деп білемін. Ол кісінің осынша мол еңбегі Алла Тағаланың жарылқауына себепші болсын деп тілейміз.

Жаратқан Иеміз ағамыздың отбасына, туған-туыстарына көркем сабыр нәсіп еткей! Алла Тағала алдынан жарылқағай! Әмин!» делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру