БАС МҮФТИ ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

07 тамыз 2024 1539 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласында жаңадан бой көтерген «Тұрдынияз ата» мешіттің ашылуына қатысты.

Игі шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Бұдан кейін құттықау сөз алған Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Тәуелсіздік – жалпы дүниеде теңдесі жоқ тәтті сөз. Бірақ оның оңайлықпен келмегені түсінікті. Тәуелсіздіктің арқасында елімізде мешіттер қайта бой көтеріп, дініміз мен дәстүріміз оралды. Салт-санамыз қайта жаңғырды. Мешіт салудың дінімізде сауабы орасан. Қалтасында қаржысы бар адам емес, Алланың қалауымен мешіт салу бұйырады екен. Сондықтан осында мешіт сала алмадым деген ой мазалаған жандар болса, Алла Тағала осындай мешіт салудың сауабын сіздерге де нәсіп етсін. Өздеріңіз білесіздер, мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Мешіт – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Себебі мешіттеріміз тек құлшылық жасайтын орын ғана емес. Мешіт – діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Ендеше, бүгін ел игілігіне беріліп отырған осы мешіттің де іші жамағатқа толып, дін Исламға лайықты қызмет етуін тілеймін!», - деді.

Сондай-ақ, ҚМДБ Төрағасы салтанатты шара барысында құлшылық үйінің бой көтеруіне атсалысқан Ахмеджан Тұрдыниязов әулетіне алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру