БАС МҮФТИ СТЭНФОРД УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМЫМЕН ЖҰМЫСҚА ЖАУАПТЫ ӨКІЛМЕН КЕЗДЕСТІ
АҚШ-қа жасаған жұмыс сапары аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Стэнфорд университеті жанындағы Діни және рухани өмір кеңсесінде қызмет атқаратын, университеттегі мұсылман қауымымен жұмысқа жауапты өкіл, Құран оқудың он қырағаты бойынша иджаза иесі Әмина Дәруиш (Dr. Amina Darwish) ханыммен кездесті.
Кездесу барысында жоғары оқу орындарындағы рухани тәрбие, студент жастармен жүйелі жұмыс жүргізу, университет кеңістігіндегі діни және мәдени әртүрлілікті үйлестіру, сондай-ақ мұсылман студенттеріне қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Тараптар академиялық ортада құндылықтық тәрбие мен рухани тұрақтылықты қатар дамыту маңызын атап өтті.
Бас мүфти өз сөзінде жастардың діни сауатын арттыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын заманауи білім кеңістігінде дұрыс түсіндіру және рухани иммунитет қалыптастыру маңызды міндет екенін жеткізді. Сонымен қатар білім мен руханияттың үйлесуі қоғамдағы келісім мен өзара құрметті нығайтатынын атап өтті.
Әмина Дәруиш университет қабырғасындағы мұсылман студенттермен рухани жұмыс бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісіп, студенттерге рухани кеңес беру, қауымдастық қалыптастыру, қоғаммен байланыс жобалары және конфессияаралық диалог салаларындағы тәжірибесін баяндады. Жастармен және студенттермен он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан маман ретінде әртүрлі мәдени ортадан шыққан мұсылман жастарын біріктірудің маңызын атап өтті.
Кездесу аясында Бас мүфти Стэнфорд университетінің кампусын аралап, оқу ордасындағы студенттік орта және инфрақұрылыммен танысты. Сондай-ақ Шағбан айы мен Барат түніне орай ораза ұстаған студенттер мен университет қызметкерлерінің қатысуымен өткен ауызашарға қатысты.
Кездесу қорытындысында тараптар жастарға рухани қолдау көрсету, білім беру ортасындағы құндылықтық тәрбиені күшейту және тәжірибе алмасу бағытындағы ықпалдастықты дамытуға уағдаласты.










































Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі