БАС МҮФТИ СТУДЕНТТЕР ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ (ФОТО)

17 мамыр 2024 458 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен еліміздегі медресе-колледж студенттері арасында өткен республикалық олимпиада қорытындыланды. Білім жарысының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

ҚМДБ Төрағасы шәкірттер мен олардың ұстаздарына, медресе-колледж ұжымдарына және жарыстың өтуіне ұйытқы болған Діни білім және кадр даярлау бөліміне алғысын айтып, мұндай білім сайысы болашақ мамандардың біліктілігін арттыруға септігін тигізетінін жеткізді.

«Сіздер Құран үйреніп жүрген шәкірт қана емес, келешекте еліміздің түрлі аймақтарында асыл дінімізді насихат ететін болшақ дін мамандары, имам, ұстазсыздар! Қазіргі  таңда  дін  қызметкерлеріне  қойылатын міндеттер уақыт пен заман талабына сәйкес күшеюде. Осыған орай дін қызметкерінің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру басты мақсаттың бірі.

ҚМДБ мешіттерді құлшылық орнымен қатар рухани, имандылық орталықтарына айналдыруды көздейді. Мешіттерде  қызмет  жасайтын  имамдар мен  ұстаздар  діни  білімді,  білікті,  үлгілі, іскер, жасампаз, жамағатты соңынан ілестіре алатын, сондай-ақ өркениет көшіне бастай білетін толыққанды маман болуын мақсат етеді. Осы бағытта Мүфтият кешенді жұмыс жасап келеді. Осыған дейін «Имамның тұлғалық келбеті», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» атты тәлімдік құжаттар, «Зияткер имам» тұжырымдамасы қабылданды.

Бүгінгі ұйымдастырылып отырған білім олимпиадасының да мақсаты – «Зияткер  имам»  мәртебесіне  лайық болашақ діни қызметкерлерді тәрбиелеу, исламтану саласындағы талантты жастарды анықтау, болашақ имам-хатибтерді даярлау сапасын жетілдіру, студенттердің таңдаған мамандығына қызығушылығын арттыру, исламтану пәндерін терең меңгеру, зерттеу, діни салада қызмет ету үшін әлеуетті кадрларды қалыптастыру» деді Бас мүфти.

Айта кетейік, олимпиадаға еліміздің 9 медресе-колледжінен келген 2 және 3-курс студенттері қатысып, екі кезеңде бақ сынаған болатын.  Жарыс нәтижесі төмендегідей:

 

2-курс студенттері арасында:

1-орын – Ералы Ринатұлы («Астана» медресе-колледжі, 200 000 теңге)

2-орын – Алтынбек Балатауұлы («Шымкент» медресе-колледжі, 100 000 теңге)

3-орын – Айқын Ақылбекұлы («Үшқоңыр» медресе-колледжі, 50 000 теңге)

3-орын – Арафат Райымқұл («Әбу Ханифа» медресе-колледжі, 50 000 теңге)

 

3-курс студенттері арасында:

1-орын – Темірлан Рахметоллаұлы («Сарыағаш» медресес-колледжі, ҰМРА қажылығына жолдама)

2-орын – Бекжан Нұрланұлы («Әбу Ханифа» медресе-колледжі, 200 000 теңге)

3-орын – Эльдар Нұрланұлы («Орал» медресе-колледжі, 100 000 теңге)

3-орын – Бекзат Болатұлы («Ақтөбе медресе-колледжі, 100 000 теңге).

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру