Бас мүфти төрағалығымен онлайн Төралқа мәжілісі өтті (ФОТО)

16 сәуір 2020 5044 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазан айы қарсаңында дәстүрлі Төралқа мәжілісі өтті.

Онлайн мәжіліске наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, ҚМДБ бөлім меңгерушілері мен облыс және республикалық маңызы бар қалалардың бас имамдары қатысты.

Онлайн мәжіліске қосылған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Марат Әзілханов төтенше жағдай кезінде дін қызметкерлерінің қайырымдылық, онлайн насихат айту, халықты бірлік пен имандылыққа шақыру бағыты бойынша атқарып келе жатқан жұмыстары жайлы оң пікірін білдірді. Сонымен қатар, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі әзірлеген ас беру мәдениеті, зиратты зиярат етудің тәртібі сынды бірқатар құжаттардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

Онлайн мәжілісте ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов Рамазан айында берілетін підия, пітір садақасы мен зекет мөлшерін анықтаудың маңызы жайында баяндама жасады. Сонымен қатар Төралақа мәжілісінде ораза кестесін бекіту, төтенше жағдай кезінде зекет пен пітір садақасын беру тәртібін оңтайландыру, т.б. мәселелер талқыланды.

Облыс, қала бас имамдары Бас мүфтимен тікелей қосында сұхбаттасып, оразаға дайындық жұмыстары жайлы әңгімелесті. Онлайн мәжіліс соңында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық аппарат қызметкерлері мен өңір бас имамдарына нақты нұсқамалар берді.

Айта кетсек, биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Бұл туралы Бас мүфти Н.Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте мәлімдеген болатын.      

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру