БАС МҮФТИ ТҰРҒЫНДАРҒА «РАМАЗАН СЫЙЫН» ТАБЫСТАДЫ (ФОТО)
Петропавл қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған ауызашар дастарқанында бірқатар тұрғынға «Рамазан сыйы» табысталды. Ізгі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, сыйды өз иелеріне табыстады.
Ең алдымен жергілікті «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Мақсат Жұмажановқа қызметтік пәтер берілсе, «Қолма-қол» акциясы аясында осы өңірден шығып діни білім алып жатқан 20-дан аса шәкіртке бір реттік сыйақы ретінде 1 500 000 теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен қатар бауыр ауруына шалдыққан Арман Оспановтың еміне деп «Өмірге үміт сыйла» акциясы барысында бір миллион теңгенің сертификаты сыйға берілді.
Ауызашар дастарқаны кезінде 40 жылға жуық ұстаздық еткен, мешіт жанашыры Қымбат әжейге Бас мүфти өз атынан қажылыққа жолдама беріп қуантса, өңірдегі зиялы қауымның үлкені 95 жасқа таяған Зейнолла Олжабай ақсақалдың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Одан бөлек жергілікті қайырымды істерге құлышыныс білдіріп жүретін бірқатар азаматтар Бас мүфтидің Алғыс хатына ие болды.
Қайырымдылық іс-шара аясында Бас мүфти ауырып жатқандардың дертіне шипа тілеп, баспаналы болған жандарды құттықтап, мұндай ізгі істер әлі де жалғасатынын жеткізді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі