Бас мүфти жаңа оқу жылына арналған іс-шараға қатысты (ФОТО)

01 қыркүйек 2021 3812 0
Оқу режимі

1 қыркүйек – Білім күніне орай ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Астана» медресе-колледжі ұйымдастырған жаңа оқу жылына арналған іс-шараға қатысты.

Білім күні қарсаңында медресеге арнайы барған Бас мүфти ұстаздар мен шәкірттер алдында Ислам дініндегі білім алудың маңызына тоқталды.

«Алла Тағала қасиетті Құран аятында: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» деп айт», – деп бұйырады. Ілім жолы – жәннатқа апарар жол. Дінімізде білім алудың маңызы зор. Сіздер Алланы тану, қасиетті Құранды оқып, жаттап, Ислам ілімін де меңгеру жолына түскелі тұрсыздар. «Ғылымсыз – білім жоқ, Білімсіз – күнің жоқ» дейді біздің қазақ. Қасиетті Құран Кәрімде: «Алла араларыңдағы иман келтіргендер мен ғылымда тереңдегендердің дәрежесін көтереді», – делінген. Ислам шариғатында ер мен әйелге білім алу парыз деп көрсетілген. Сондықтан бүгінгі іздену, ілім алу жолына түскен күндерің құтты болсын. Алла шәкірттеріміздің зейінін ашып, мықты ғалым болуын нәсіп етсін!» - деді Бас мүфти.

Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында 48 ер, 23 қыз «Астана» медресе-колледжінің шәкірті атанды. Салтанатты рәсім барысында медресе-колледжге қабылданған шәкірттер Бас мүфти қолынан студенттік куәлік алды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы медресе ұстаздарымен де кездесті. Медресе директоры Бақтыбай Қыдырбайұлы жаңадан келген 6 ұстазды таныстырды. Кездесу барысында ҚМДБ Төрағасы білім берудегі жаңашылдық, төл дәстүрімізді насихаттау, Құран, ақида мен фиқһтан бөлек классикалық әдебиет, әлемдік жаңа кітаптарды да оқытуды тапсырды. Сондай-ақ Бас мүфти ұстаздардың біліктілігіне баса мән беру, шәкірттердің ұлттық тәрбиемен сусындауы, елімізде қалыптасқан діни мектепті ары қарай жалғастыру керектігін айтты.

Айта кетейік, шәкірттерді қабылдау шарасына ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, «Астана» медресе-колледжінің директоры Бақтыбай Бейсенбаев және медресе ұстаздары қатысты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру