Бас мүфти жәрдем беру жөнінде жұма насихатын айтты (ВИДЕО)

03 шілде 2020 5045 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн режимде өзгеге жәрдем беру жөнінде кезекті жұма насихатын айтты.

«Мұсылман баласының атқаратын әрбір ісінде береке мен сауап бар. Сол сауапты істердің бірі – өзгеге жәрдем ету, тілеулес болу. Біреуге жәрдем беру, өзгенің қамын ойлап, жақсылық жасау қоғамдағы өмір сүрудің алғы шарттарының бірі десек те болады. Өйткені адам баласы бір-біріне жәрдемдесу арқылы өмір сүреді. Яғни әрбір істеген істің соңында өзге адамдарға көмегі тиіп жатады» дей келе Бас мүфти қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресіндегі:  

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلا تَعَاوَنُوا عَلَى الإثْمِ وَالْعُدْوَانِ

«Жақсылық пен тақуалықта бір-бірлеріңе жәрдем беріңдер! Ал күнә мен дұшпандықта бір-біріңе жәрдемдеспеңдер!» - деген аятты тілге тиек етті.

Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы:

– Адамзат баласына уақытша берілген өмір – иләһи емтихан. Ойлап қарайтын болсақ, әрбір парасатты адам бұл өмірді көркем түрде және пайдалы өткізудің жолын қарастырады. Сахаба Әбу Бәкір (Алла ол кісіге разы болсын): «Дүние – мүміндердің базары. Күн мен түн – негізгі қаржысы. Ізгі амалдар – сауда тауарлары. Жәннат – тапқан пайдалары. Ал, тозақ – зияндары» деген.

Міне, ақыретін ойлаған кісі амал дәптерін жақсылықтармен, ізгі амалдармен толтыру үшін өмірінің әрбір сәтін жемісті өткізуге күш салады. Қолына түскен түрлі жақсылық жасау мүмкіндігін Алла Тағаланың игілігі деп біледі, - деді жұма насихатында.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру