Бас мүфти: жазықсыз жапа шеккендер рухына Құран бағыштау – перзенттік борышымыз (ФОТО)

10 ақпан 2021 3710 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматыда өткен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік және Ислам» республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді.  

«Есігімізден енген 2021 – еліміз үшін ерекше жыл. Өйткені, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы ретте баршаңызды Алла Тағаланың халқымызға берген теңдессіз сыйы – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды.

Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет. Негізгі мақсатымыз – азаматтардың, әсіресе жастардың бойына отаншылдық сезімін орнықтыру. Руханият саласындағы жұмыстың бірнеше бағыты бар. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды. Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте  мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн» деп атап өтті.

Мен осы ретте тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында елі мен жері үшін шыбын жанын құрбан еткен, жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дін қайраткерлерін де ақтауды ұсынамын. Президент айтқандай, «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз» деді ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Еске сала кетейік, жұқпалы індеттің алдын алу және карантиндік талаптарды сақтау мақсатында конференцияға қонақтар ZOOM арқылы онлайн қатысты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру