Батыржан Мансұров – Ғұламалар Кеңесінің хатшысы (ФОТО)

13 маусым 2020 3969 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, белгілі ғалым, PhD докторы Батыржан Мансұров Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.

Павлодар қаласында өтіп жатқан кеңестің кезекті көшпелі мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ершат қажы Ағыбайұлы Ғұламалар кеңесінің хатшысы ретінде кеңестің жұмысын жоғары деңдейде үйлестіріп, жақсы нәтиже көрсетті. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ершат қажы – қазір менің орынбасарым. Жаңа міндеттерді атқарып жатыр. Осы ретте өзімнің және Ғұламалар кеңесі атынан Ершат Ағыбайұлына айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын. Ендігі кезекте бұл жауапты қызметті Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан қажы Мансұров абыроймен атқарады деген сенімдемін. Тәжірибесі мен білімі жеткілікті. Үйлестіру жұмыстарын жаңа деңгейге көтереді деп есептеймін», - деді.

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бұл ұсынысына Ғұламалар кеңесінің мүшелері оң пікірін білдіріп, Батыржан Мансұровтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Мәжіліс соңында Бас мүфти еліміз бен жеріміздің игілігі үшін дұға жасады.

Пікірлер Кіру