РАМАЗАННЫҢ СОҢҒЫ КЕШІНДЕГІ РУХАНИ КЕШ(ФОТО)

20 сәуір 2023 3578 0
Оқу режимі

Биылғы Рамазанның соңғы кешінде ҚМДБ Әйел-қыздар секторының «Әзірет Сұлтан» мешітіне қарасты «Инабат» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен «Рамазан – кешірім айы» атты рухани кеш өтті. «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел-шәкірттеріне арналған кеште Рамазан бойы «Құран оқу» тобы мен «Құран жаттау» тобының шәкірттері оқыған Құран Хатымның дұғасы жасалып, ел мен жердің тыныштығы үшін, жамағат бірлігі үшін дұға жасап, келесі Рамазанға аман-есен жетуімізді тіледі.

Бұған дейін, шәкірттер бір күнде бір Құран Хатым етумен қатар, Рамазан айының соңына дейін әркім Құранды бір рет толық оқып шығуға ниеттенгенін айтқан болатынбыз.

Рухани кеште мешіт ұстаздары уағыз-насихат айтты. Әсіресе, ұстаздар өз дағуатында ұлық айдан ренішсіз, адамдарды кешіріп, Алладан өзі үшін, бауырлары үшін кешірім сұрауға шақырды. Ұстаздар насихаты әсерлі болғаны соншалық, шәкірттердің көзіне жас келді.  

Жүрегі мешітке байланған жандарға арналған бұл кешке мешіт тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген бір топ қызметкер арнайы шақырылды. Мешіт ұстаздары: «Хадистердің бірінде «Тазалық – иманның жартысы» делінеді. Шын мәнінде, дәстүріміз бен дінімізде де тазалықтың алатын орыны айрықша.  Күніге мыңдаған адам келіп-кететін мешіт ғимаратындағы тазалық жасау оңай емес. Оларды тиісінше құрметтеп, еңбегін бағалауымыз керек», деп ұстаздар өкілі мен барлық жамағат оларға шексіз алғысын білдіріп, жасап жатқан әрбір амалдарын Алла сауаптан жазуын тіледі.

Шара барысында түрлі ойындар ойнатылып, сыйлықтар берілді. Шәкірттер арасынан еріктілері сөйлеп, өз өмірлерінен ғибратты оқиғалармен бөлісіп, ұстаздар мен мешіт жамағатына ризашылықтарын білдірді. Бір ай бойы Құран хатым жасап келген апалар тобы Рамазанмен қоштасу тәсбихын айтып, жамағат көңілін жібітті. Ән мен күйден шашу шашылып, салауат, зікірлер айтылды.

Шәкірттер кештің өте әсерлі өткенін айтып, шараның басы-қасында жүрген мешіт ұстаздары Эльмира Серікбайқызы, Әсел Дүйсебекқызы, Зарина Шамидуллақызы мен Мухлиса Сайдулақызына өз ризашылықтарын білдірді.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру