Брайль шрифтімен жазылған алғашқы ақпараттық парақша ақтөбелік зағиптарға таратылды

16 тамыз 2018 8177 0
Оқу режимі

Ақтөбеде зағип жандардың мәселесін тыңдап жатқан жан жоқ. «Шенеуніктер пандустан әрі аса алмай жүр» дейді Ақтөбе облыстық зағиптар қоғамының төрағасы Елтай Қылышбаев. Ақтөбелік көзі көрмейтін жандар алғаш рет браиль шрифтімен жазылған ақпараттық парақшаларды қолдарына алды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Ақтөбедегі зағип жандардың қолына брайль шрифтімен жазылған алғашқы ақпарат парақшасы жуырда ғана тиіді. Ақпараттық буклет Шымкентте жасалған. Көзі көрмейтіндер үшін мұны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің қызметкерлері тапсырыспен алдыртқан.

«Ақпараттық парақшада мемлекеттік қызмет түрлері, оларды алу шарттары, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүдделері мен құқықтары брайль қаріптерімен жазылған. Департамент мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы тапсырыспен алдыртты. Алда аудандарға да барамыз», - деді облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Ислам Алпысбаев.

Мұндай ақпараттық буклеттер зағиптар жүгінетін әр мекемеде болуы шарт. Алайда, брайль шрифтімен қағаздарды шығаратын компаниялар тек Шымкент, Орал, Өскемен, Астана, Алматы қалаларында жұмыс жасайды. Ақтөбеде арнайы типография жоқ. Зағиптар шенеуніктердің арбаға таңылғандардың мәселесінен әрі аса алмай жатқандарына налиды.

"Біз секілді соқырларға қызмет алу ыңғайлы болса дейміз. Көп қабатты тұрғын үйлерде таяныш деген болады. Соған сүйеніп жүріп келе жатсаң шегелері шығып тұрады. СОған қолымызды жырамыз. Біздің шенеуніктер көбінесе пандусты әңгімелеп кетеді. Соған тіреледі де басқасын ұмытып кетеді. Ал, мемлекеттік қызмет көрсетуді айтатын болсақ, Халыққа қызмет көрсету орталығына барсақ, кіреберісте отыратын қыз бала қолыңа талонды ұстатады да «жоғарыдағы экранды қарап отыр» дейді. Кезегіңді күтіп. Менің көзім көрмесе қалай оған қарап отырамын. «Қасыңыздағы адамыңыз қайда немесе бастыққа бар» дейді. Өзім әрең жүргенде бастығын қайдан табамын",-деді облыстық зағиптар қоғамының төрағасы Елтай Қылышбаев.

«Мәселе көп. Қасымызда жеке көмекшілеріміз болғандықтан мәселе деп те қарауға ұяламыз. Дегенмен, сау адамдармен бірге кезекте көп тұрамыз. Кейде мемлекеттік қызмет өкілдерінен талапқа сай қызмет ала алмай жатасың. Қандай да бір қызметті алу үшін үлкен еңбек пен қажырдың қажеттілігі болады. Зағиптарға көрсетілетін қызметті әлі де дамыту керек. Жағдай жасалу керек деп ойлаймын», - дейді «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі корпоративтік қорының президенті Гүлшара Жалғасова.

Өңірде жанарынан айырылған 800-ден астам 1, 2 топ мүгедектері бар. Халыққа қызмет көрсету орталығының өкілі Әсел Мұстафинаның сөзінше, зағиптар өтініш білдірсе, мамандар үйлеріне барып, қызмет көрсетеді.

Пікірлер Кіру