«Дәстүрін дәріптеген аналар»атты мерекелік кеш өтті (ФОТО)
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің «Жібек» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен «Дәстүрін дәріптеген аналар» мерекелік кеші өтті. Наурыз мерекесінің құрметіне орай өткізілген ізгі шараның басты мақсаты — ұрпағын салт-дәстүрмен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп келе жатқан дана халқымыздың әдемі үрдісін одан әрі жаңғырту, жас ұрпақтың санасына халық дәстүрлерін сіңіру.
Мерекелік шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы ізгі тілегін арнап ашып берді. Қазақтың тағы бір дәстүрін жаңғыртып, мерекелі кеш мешіт қабырғасында білім алып келе жатқан ақ жаулықты аналарға ақ орамал жауып, құрмет көрсетумен бастау алды.
Әсем әнмен әрленіп, тәтті күймен көмкерілген әдемі кеште құттықтау сөз алған қонақтар легі көбірек болды. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова арнайы келіп, Наурыз мерекесімен құттықтап, әннен шашу шашты.
ҚМДБ-ның Әйел-қыздар секторының меңгерушісі, аяулы ұстаз Нұрғалиева Динара Құтқожақызы өзінің ақ тілегін арнап, келген қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Елорда мешіттерінің әйел ұстаздары кешке арнайы шақырылып, барлығына ұйымдастырушылар тарапынан шапан жабылып, сияпат жасалды. Мерекелік кеште ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиеттері, дін мен дәстүр сабақтастығы туралы насихат айтылып, келген қонақтар рухани сусындады.
Сондай-ақ, халқымыздың салт-дәстүрлерінің үлкен сегіз топқа жіктелген түрлері аталып, қазақ халқының ұмытылып бара жатқан дәстүрлері туралы кең мағлұмат берілді. Кеш соңында осындай үлгі аларлық көркем шараның өтуіне ұйытқы болған «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұстазы, «Жібек» қыз-келіншектер клубының жетекшісі Әйкерім Қазбекқызы келген қонақтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да дін мен дәстүрімізді насихаттайтын шаралар ұйымдастырылып тұратынын атап өтті.
Дереккөз: Ummet.kz